БастыБокс

Жалпыкомандалық есепте топ жарды

Елордадағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде бокс­тан тұңғыш рет ұйымдастырылған халықаралық «Елорда кубогы» мәресіне жетті. Sport Qory демеушілігімен өткен Турнирде Қазақстанның былғары қолғап шеберлерінен бөлек, Куба, Өзбекстан, Үндістан, Моңғолия, Жапония, Қытай және тағы басқа алыс-жақын шетелден келген 10 елдің 250-ге жуық боксшысы бақ сынады. Боксшылар 13 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды.

Кейінгі екі-үш жылдың ішінде бар­лық мемлекет пандемия жағдайында өмір сүріп, өз елдерінде өтетін түрлі халықаралық жарысты кейінге шеге­ріп тастады. Соның салдарынан спортшылар көп жағдайда тек ел ішіндегі біріншіліктермен шектелуге мәжбүр болды. Сондықтан бокстан ұлттық құра­ма­ның бас бапкері Қайрат Сәтжанов осы турнирде былтырғы ел чемпионатында жартылай финалға дейін жеткен барлық боксшыға өзін көрсетуге мүмкіндік берді. Сөйтіп, «Елорда кубогында» ерлер арасында Қазақстанның 54 бокс­шысы сынға түсті. Соның ішінде 16-сы финалдық айқасқа жолдама алды. Әрине, жеребеге байланысты кейбір салмақ дәрежелерінде қазақстандық боксшылар бір-бірімен ерте жолығып, жартылай финал, финал жолдамаларын өзара сарапқа салуға тура келді. Ал тұңғыш рет ұйымдастырылған турнирдің финалына былтырғы әлем чемпионатының жеңімпаздары Теміртас Жүсіпов (48 кг) пен Сәкен Бибосынов (51 кг), күміс жүл­­дегері Махмұд Сабырхан (54 кг) мен Се­рік Теміржанов (57 кг), ағайынды-егіз­дер Саматәлі (60 кг) мен Санатәлі Төл­таев­тар (63,5), Нұрбек (80 кг) пен Ай­бек Оралбай (91 кг) сынды тәжірибелі бокс­шылар жолдама алды. Сондай-ақ финалда Кубаның – төрт, Өзбекстанның – үш, Қытайдың – үш, Жапонияның бір боксшысы өнер көрсетті.
Финалдық жекпе-жектің тұсаукесер кездесуінде жеңіл салмақтағы әлем және Азия чемпионы, Қазақстан біріншілігінің бес дүркін жеңімпазы Теміртас Жүсіпов пен өзбекстандық жас боксшы Асылбек Жалилов жұдырықтасты. Үш раундқа жалғасқан жекпе-жекте талай додаларда дара шыққан тәжірибелі жерлесіміз 4:1 есебімен еш қиындықсыз жеңіске жетті. Сөйтіп, Жүсіпов ел қоржынына турнирдегі алғашқы алтын жүлдені салды.
Қазақстандық боксшылардан екінші болып шаршы алаңға шыққан 51 келіде әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов Куба­ның жас қабыланы Алехандро Клара Фиссурмен бас жүлдені сарапқа салды. Аса тартысты өткен бәсекеде жерле­сіміздің бағы жанды.
Сондай-ақ 54 келі салмақта әлем чемпионатының күміс жүлдегері, елі­міздің талантты боксшысы Сабырхан Мах­мұд қытайлық Бо Фангтан 5:0 есебі­мен басым түсіп, тұғырдың биік сатысынан көрінді. Ал 57 кило салмақтың финалында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов кубалық Освел Кабальероның осал тұсын таба білді – 3:2.
60 келі салмақта қазақстандық екі боксшы – Саматәлі Төлтаев пен Талғат Сырымбетов жанкүйерлерге тамаша бокс жекпе-жегін сыйлады. С.Төлтаев жастар арасындағы Азия чемпионы, осы салмақтағы 2020 жылғы ел біріншілігінің жеңімпазы саналса, Т.Сырымбетов былтыр 54 келі салмақта топ жарған болатын. Финалда ол тәжірибелі боксшы Олжас Байниязовтан басым түскен-ді. Жарты жылдың ішінде алты кило салмақ қосқан Талғат жаңа салмақты жатсынбай, финалға еркін жетті. Алайда соңғы жекпе-жекте 60 келінің «қожайыны» Төлтаевты жеңуге шамасы жетпеді.
Саматәлінің ізін ала рингке сыңа­ры Санатәлі шықты. 63,5 келі салмақ­та сынға түскен ол егізінің жеңісті жо­­лын жалғай алмады. Шоқыр Бөл­тек­­ұлы турнирінің қола жүлдегері Мұ­­ха­медсабыр Базарбайұлы финалда ағайынды Төлтаевтарға екі салмақта топ жару мүмкіндігін бермеді. Үш раундта да мықтылық танытқан Мұхамедсабыр 5:0 есебімен жеңіске жетті. Ал 67 келі салмақтың финалында былтырғы ел чемпионы Дулат Бекбауов пен 63,5 келідегі күміс жүлдегер, жастар арасындағы Азия чемпионы Абзал Серік жұдырықтасып, екіншісі алтыннан алқа тағынды – 4:1.
«Жекпе-жек» спорт сарайына жи­нал­ған жанкүйерлер 71 келі сал­мақ­тағы боксшылардың жекпе-жегін қы­зыға тамашалады. Бұл салмақта Қа­зақ­­стан чемпионатының екі дүркін жеңім­пазы, Азия ойындарының күміс жүлдегері жерлесіміз Аслан Шымбер­генов пен 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы жапо­н­иялық Севон Оказава айқасты. Белградтағы доданың жартылай финалында Абылайхан Жүсіповті қапы қалдырған жапон боксшысы бұл жолы Асланбектен айласын асыра алмады. Өте сауатты жұдырықтасқан отандасымыз үш раундта да айқын басымдыққа ие болып, төрешілерге бұра тартатындай мүмкіндік қалдырмады – 4:1.
Өкінішке қарай, 75 келі салмақта бірде-бір боксшымыз финалға шыға алмады. Алдағы уақытта дәл осы салмақ бас бапкер Қайрат Сәтжановтың бас ауру­ы­на айналатын түрі бар. Себебі кейінгі жыл­дары бұл салмақта жүлденің ауылы алыстап кетті. Турнирдің жартылай финалында былтырғы Қазақстан чемпионы Нұрқанат Райыс әлем чемпионы кубалық Йонлис Мартинеске есе жіберсе, ел біріншілігінің күміс жүлдегері Аятолла Тәкіжанов өзбекстандық Саиджамшид Жафаровтан жеңіліп қалды. Ал бұл салмақта бас жүлде кубалық Йонлис Мартинеске бұйырды.
80 келіде жастар арасындағы әлем чемпионы, Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы Нұрбек Оралбай да елор­дадағы турнирде өз мықтылығын дәлел­деді. Финалда ол қытайлық боксшы Тоқтарбек Таңатқанпен кездесіп, үш раундта 3:2 есебімен жеңіске жетті. Алғашқы екі раундта отандасымыз айқын басымдықпен алда тұрған еді. Соңғы раундта қытайлық боксшы жек­пе-жек тізгінін өз қолына алып, белсен­ді болғанымен, бәрібір жеңіске жете алмады. 91 кило салмақта ел­іші­лік, халықаралық турнирлердің жеңім­­­пазы мен жүлдегері, әскерилер ара­сын­да әлем чемпионы атанған Абзал Құтты­беков алғаш рет 86 кило салмақта өнер көрсетіп, бірінші алтын жүлдесіне қол жеткізді. Отандасымыз финалда кубалық Яньер Ареомен кездесіп, үшінші раундта нокдаун алып қалғанына қарамастан төрешілердің аралас дауысымен басым түсті – 3:2.
Араға бір жекпе-жек салып, 80 келіде топ жарған Нұрбектің сыңары, жас­тар арасындағы Олимпиада чемпионы Айбек Оралбай 91 келіде шаршы алаңға көтеріліп, бір отбасыға қос қуаныш сыйлады. Аса тартысты өткен финалдық айқаста Айбек жастар арасындағы Азия чемпионы түркістандық Сағындық Тоғамбайды жеңді. Екі боксшы да кейінгі жылдары көп бәсекеде бір-біріне лайықты қарсылас атанып жүр. Бірақ әзірге барлық жарыста Айбектің мерейі үстем болуда.
Финалдық жекпе-жектің нүктесін аса ауыр салмақта сынға түскен қазақ­стандық Дамир Тойбай мен өзбек­стандық Лазизбек Муллажанов қойды. Жастар арасында өрелі өнермен мамандар көзіне түскен Дамир ересектер дуына қосылғалы бері халықаралық ірі жарыстарда жеңіс тұғырынан көріне алмай келеді. Ол бұл жолғы финалда да қарсыласының осал тұсын таба алмай, алтын жүлдеге сынық сүйем қал­ғанда сүрінді. Өзбекстандық бокс­шы төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.
Осылайша, елордада алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Ұлттық құрама бокс­шылары 13 салмақтың 11-інде алтын медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте топ жарды. Кейінгі орындарға Куба және Өзбекстан боксшылары ие болды. Ал Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов турнирдің ең үздік боксшысы атанды. Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер атанған боксшыларға қаржылай сыйақы тапсырылды.

Ақжарқын Құдияр

Басқа жаңалықтар

Back to top button