Бокс

Ислам ойындарының жеңімпазы Азат Махметов Бахрейн құрамасына ауысты

Бір кездері 51 келі салмақта Қазақстан құрамасының мүшесі болған Азат Махметов енді Бахрейн құрамасының намысын қорғайды.

Бұл туралы жақында спортшының ағасы  Айдар Махметов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Бауырым Азат Махметов биылдан бастап Бахрейн құрамасының намысын қорғайды. Ол бүгінге дейін аталған мемлекет үшін екі алтын алып үлгерді. Жекелеген спорт түрлері кей кезде өте қатал. Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында елдің атынан бір ғана спортшы сынға түсе алады. Мәселен, атағы алысқа кеткен Александр Карелин тұтастай балуандар буынының жолын кесті деп айтады. Өйткені, ол спорттық мансабы аяқталғанша бірде бір ел чемпионатынан сырт қалмай, бәрінде жеңіске жетіп отырған. Бокстан Қазақстан командасында да бәсекелестік өте жоғары. Кейбір салмақтарда бәсекелестіктің мықтылығы сонша, кез келген спортшы Олимпиада немесе әлем чемпионатына бара алмайды. 31 жастағы Азат үшін 51 келіде ел құрамасында сынға түу ауыр, өйткені, бұл салмақта сөзсіз көшбасшы бар. Ал кәсіби боксқа ауысу үшін інімнің жасы келіп қалды. Сондықтан оның әуесқой бокстағы мансабын одан әрі созып, Бахрейннен келген ұсынысты қабылдауда жөн көрдік. Түсіністік танытқан Қазақстан бокс федерациясына рахмет», – деп жазды Айдар Махметов.

Азат Махметовтің салмағында қазір Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов бар. Сондықтан боксшыға шынымен қиын. Қазақстан бокс федерациясы түсіністік танытып, рұқсатын берген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button