Ольга Шишигина осыншама сескенбей, сес көрсететіндей кімге сеніп жүр?
Жақында редакцияға хат келді. Онда Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық спорт клубы спорт комитетіне биылғы сәуір айында ғана басшы болып тағайындалған Ольга Шишигинаның ұжымды этникалық бөлінушілік сипатында басқарып жатқаны айтылған.
Хат иесі – осы комитеттің бұрынғы қызметкері Фархат Тапалов. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас прокуратураның назар аударуын сұрап, хат жолдаған. Бұл хат кейіннен әлеуметік желіде де кеңінен тарап кетті.
– Шишигина келгеннен кейін мен жұмысты тастадым, дәлірек айтсам, мені кетірді. Ол кезде азаматтық қызметші едім, шақыруға барлық құжаттар жиналды. Бірақ қабылданбады. Ол тағайындалғаннан кейін командада тек славян ұлтынан тұратын элита құрылды. Этностық өркөкіректік күшейе бастады, – дейді Фархат Тапалов.
Ол: «әскерилерді жарғының не екенін білмейтін азаматтық қызметкерлер басқара бастады. Ұлттық әскери қызметшілерге, сарбаздар мен сержанттарға, офицерлерге, полковниктерге және подполковниктерге деген көзқарас өте күрт өзгерді», – деп отыр. Өзінің этносаралық қақтығыстарға қарсы екенін, бірақ спорт комитетінде болып жатқан оқиғалар этникалық тәртіпті бұзды деп санайды.
Сондай-ақ Ольга Шишигина өзінің жақтастарын қызметке тарта отырып, спорт комитетінің штаттық құрылымын әзірлеуге, кадр жұмысына, қаржылық, ақылы қызмет көрсетуге, сатып алуларға, материалдық-техникалық жабдықтауға, қызмет аясынан тыс саяси мәселелерге араласатындығын жеткізген.
Осы орайда атын көрсетпеуді өтінген аталған комитеттің қызметкері орталықта негізгі лауазымдарға қызметкерлердің ұлтына қарай тағайындалып жатқанын растап отыр.
– Мысалы, Ольга Шишигина тағайындалған сәттен бастап Татьяна Азарова бас жаттықтырушы лауазымына азаматтық қызметке қабылданды. Содан бастап Ольга Шишигинаның кеңсесінен шықпайтын болды. Оның Қарулы күштерде тәжірибесі жоқ. Соған қарамастан, спорт комитетінің штаттық құрылымын әзірлейді. Оның қызметіне жатпайтын жұмысқа: кадрлық, қаржылық, ақылы қызметтер, сатып алу, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, командирдің саяси-ағарту және тәрбие жұмысына араласады. Барлық іссапарлар сонымен келісілетін болды, – дейді хат иесі.
Татьяна Азарова – жеңіл атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Бір кездері Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованы да баптаған. Шишигина екеуінің достығы, таныстығы осы жеңіл атлетика спортында басталса керек.
Хат иесі Азарова басшының бейресми бірінші орынбасары болып алған деп отыр. Славян ұлтына жатпайтын әскери қызметшілерге дөрекі сөйлеп, төмендетеді. Бұл – шовинизмнің айқын белгілері. Штаб бастығының бірінші орынбасары оның адъютанты сияқты еріп жүреді. Шишигина келгеннен кейін жұмысқа тек славян ұлтынан шыққан қызметкерлер мен әскери қызметшілер қабылданды. Іштегі негізгі лауазымдарға да ұлттық өзгешелігі бойынша тағайындалады деп санайды.
Ол әлеуметтік жағдайды жақсартуға қатысты басшылық тарапынан берілген уәделердің орындалмай отырғандығын, орталықта қызметкерлердің көбі қысқартуға ілігіп жатқандығын атап өтті.
– Қазір 50 қызметкерді қысқартқалы жатыр. Олардың барлығы ашық сұхбат беруден қорқады. Өйткені басшылыққа қарсы сөйлесең, қысым көрсетілуі мүмкін. Комитетте ұлтқа, тілге қатысты шеттетулер ашық жүре бастады. Шишигина ханымға баянатты қазақ тілінде апарып едім, орыс тілінде дайындауымды талап етті. Арамызда орысша білмейтін адамдар да бар, неге ескерілмейді? – дейді Фархат Тапалов.
Толық жұмыс күніне қабылданған көптеген қызметкерлер жұмыста отырмайтын көрінеді, себебі олардың басқа жерде негізгі қызметтері бар. «Бұл – Еңбек кодексіне қайшы әрекет. Мысалы, Т.Азарова ханым, П.Степаненко, т.б. басқа жерде негізгі жұмыстары бар. Бірақ мұндағы жұмыс кестесі бойынша олар сегізге дейін жұмыста отыруы керек», – дейді ол.
Орталық спорт клубының жаңа штаттық құрылымын жоспарлау әртүрлі бағыттар бойынша төрағаның орынбасарларымен және бөлім бастықтарымен талқыланған жоқ.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері және қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы Сора Рахмонова да қатардағы жауынгер ретінде осы комитетте жұмыс істеген. Алайда Ольга Шишигина келген соң оның келісімшарты тоқтаған. Дегенмен ол бұл тақырыпта пікір айтқысы келмейтінін, болған жайтты «Аллаға тапсыратынын» жеткізді.
– Мұндай атақты спортшылар аз емес. Бокстан еңбек сіңірген спорт шеберлері Біржан Жақыпов, Қайрат Ералиев, дзюдошы ағайынды Қырғызбаевтар, қоян-қолтық жекпе-жегінен әлем чемпионы Тұрсын Аян және т.б. басқа да болашағынан үміт күттіретін жас спортшыларға қысқарту қаупі төніп тұр. Бірақ мансап жолын аяқтаған спортшылар Денис Власов, Мария Власова, Артем Девятериков және т.б. жоғары нәтижелерге қол жеткізбесе де, бірнеше ай бойы оқу-жаттығу жиындарына қатысып жүреді. Сондай-ақ олардың лауазымын көтеру жоспарлануда, – дейді хат иесі.
Орталық спорт клубының спорт комитетінің баспасөз қызметі аталған айыптаулардың шындыққа жанаспайтындығын хабарлады. Қазір әскери полиция арқылы іс тексеріліп жатыр.
– Айтылған сөздер рас емес. Ешбірі. Мұның барлығы Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі тарапынан іске алынған. Әскери полиция арқылы зерттеу жүріп жатыр. Сізге айтатыным, айыптаулар орынсыз, – деп жауап берді баспасөз қызметінің өкілі Батыр Тұяқов.
Бек ТӨЛЕУ