Бокс

Кеңес Рақышев жас боксшылар мен бапкерлерге 20 миллион теңге берді

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев боксшыларды қаржылай марапаттады.

Ол өткен жылдың соңында Испанияның Аликанте қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қошемет көрсетті.Жүлдегерлердің жеке бапкерлері де назардан тыс қалмады. Марапаттаудың жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңгені құраған.

Испанияда еліміздің жастар құрамасы жақсы нәтиже көрсетті. Медальдардың саны мен сапасы бойынша біз үшінші орын алдық. Арада көп уақыт өтсе де, біз жас боксшыларымызды ұмытқан жоқпыз. Біз жастарға сенім артамыз. Болашақта олар ұлттық құрама боксшыларының орнын басады. Әсіресе әйелдер боксындағы нәтижелер ерекше қуантады. Бокс — біздің ұлттық спортымызға айналды. Қазір әуесқой бокста жүріп, атыңды шығаруға болады. Жақсы қаражат таба аласың,- деді Кеңес Рақышев.

Федерация президенті әлем чемпиондары Элина Базарова (54 келі) мен Бақыт Сейдішке (66 келі) 3 миллион теңгенің сертификаттарын берді. Күміс жүлдегерлер Нұрбек Мурсал (67 келі) мен Дәулет Төлемісов (75 келі) 1,5 миллион теңгеден алды.Қола жүлдегерлер Гүлназ Бөрібаева (48 кг), Әсем Таңатар (63 келі) және Әсел Тоқтасын (+81 келі) 1 миллионға ие болды.    Жеңімпаздардың жеке бапкерлері Нұрбота Сейітбек пен Бағлан Омарбековке 500 мың теңгеден берілді.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы Ұлыбританиямен бірге үшінші орынды бөліскен. Екінші орында Үндістан болса, Өзбекстан әлем чемпионатының үздік құрамасы атанды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button