Бокс

Бокстан әлем чемпионатын алтынсыз аяқтадық

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Үндістан астанасы Делиде өткен әлем чемпионатын 6 медальмен аяқтады.

Қазақстандық бұрымдылар жарыс қорытындысы бойынша 2 күміс пен 4 қола жүлдеге қол жеткізді.

Бас бапкер Шәміл Сафиуллин шәкірттері медаль саны жағынан үздік нәтиже көрсетті. Ал жалпы есепте 4 алтын медальмен шаршы алаң иелері топ бастады.

Қазақстан құрамасы сапынан 57 келідегі Карина Ибрагимова мен ауыр салмақтағы (+81 кг) Лəззат Күнгейбаева күміс жүлдегер атанды. Ләззат финалда əлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері марокколық Хадидже Эль-Мардиге есе жіберді.

Сонымен қатар Алуа Балқыбекова (48 кг), Надежда Рябец (66 кг), Валентина Хальзова (75 кг) және Фариза Шолтай (81 кг) әлем чемпионатының қорытындысы бойынша қола жүлдегер атанды.

«Біз Үндістанға алтын медаль үшін келдік. Бірақ дегенімізге қол жеткізе алмадық. Сәл сәттілік жетіспеді. Бұл біз үшін сабақ болды. Қытайдағы Азия ойындарында осы қателіктен сабақ аламыз. Бар шеберлігімізді көрсетуге тырысамыз», – деді Шәміл Сафиуллин.

Ал Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков жарыс нәтижесіне көңілі толатынын айтты.

«Жалпы бұл нәтижеге көңілім толады. Құрамамыз 6 медаль жеңіп алды. Десе де әлі тынбай жұмыс істеуіміз керек. Алда Азия ойындары келе жатыр. Ол сында біздің боксшылар барынша көбірек Олимпиада жолдамасына қол жеткізуі қажет», – деді ол.

Жалпы есепте Үндістаннан кейінгі орындарды Қытай (3 алтын, 1 күміс, 3 қола) мен Ресей (1/1/1) өзара бөлісті. Ал біздің құрама 8-сатыға жайғасты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button