Футбол

ҚФФ клубтармен кездесті: төрешілікке қатысты кадрлық өзгеріс болмайды

Жиын барысында клуб өкілдері өз ұстанымдарын жеткізіп, хаттың ультиматум сипатында болмағанын атап өтті.

Қазақстан футбол федерациясы Премьер-лига және Бірінші лига клубтарының басшыларымен онлайн форматта жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесуге Қазақстан футбол федерациясы бас хатшысының міндетін атқарушы Александр Кеплин, Кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясының жетекшісі Бақытжан Пазылхайыр, төрешілік, қадағалау және VAR дамыту департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру, сондай-ақ хатқа қол қойған клубтардың жетекшілері қатысты.

Жиын барысында клуб өкілдері өз ұстанымдарын жеткізіп, хаттың ультиматум сипатында болмағанын атап өтті. Олардың айтуынша, басты мақсат — Федерациямен ішкі коммуникацияны күшейтіп, кәсіби диалог орнату.

Өз кезегінде ҚФФ-ның төрешілік, қадағалау және VAR дамыту департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру департаменттің жұмыс жүйесін таныстырды. Атап айтқанда, төрешілердің жұмысын бағалау тәртібі, УЕФА стандарттарына сай фитнес-тесттер, видеотесттер, инспекторлардың қызметі, төрешілерді оқыту және сертификаттау жүйесі туралы мәлімет берілді.

Федерация мәліметінше, қолданылып жатқан барлық стандарттар мен құралдар УЕФА талаптарына толық сәйкес келеді және Еуропаның жетекші футбол ұйымдарында пайдаланылады.

Кездесу қорытындысында тараптар бірнеше бағыт бойынша жұмысты жалғастыруға келісті. Атап айтқанда, клубтардың сұранысы бойынша төрешілік департаменті әр клубпен жеке кездесулер өткізіп, даулы эпизодтарды Hawk-Eye жүйесі арқылы УЕФА материалдарымен салыстыра отырып талдайды. Сонымен қатар әр турдан кейін төрешілер шешімдеріне қатысты тұрақты видеоанализ жариялау жалғасады.

Бұдан бөлек, клуб басшылары мен Федерацияның профильді департаменттері арасында коммерциялық регламент, инфрақұрылым және кәсіби футболды дамыту мәселелері бойынша тұрақты жұмыс кездесулері қайта жанданбақ.

ҚФФ сонымен қатар төрешілік департаменті директорына қатысты кадрлық өзгерістер қарастырылмайтынын мәлімдеді. Федерация қазіргі басшылыққа сенім білдіріп, төрешілік реформасын жалғастыратынын атап өтті.

ҚФФ мәліметінше, реформа төрешілік сапасын арттыруға, ашықтықты күшейтуге және барлық процесті УЕФА стандарттарына сәйкестендіруге бағытталған.

Федерация клубтарды отандық футболды дамытудың негізгі серіктесі ретінде қарастыратынын айтып, чемпионат сапасын, коммерциялық тартымдылығын және жанкүйерлер сенімін арттыру басты басымдықтардың бірі екенін жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button