Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанған Алексей Луценко карьерасын аяқтайды
Жапонияда өткен 2026 жылғы Азия ойындарында қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко екі алтын медаль жеңіп алды — жекелей уақытқа жарыста және топтық жарыста. Осылайша, Луценконың Азия ойындарындағы алтын медальдарының жалпы саны алтыға жетті. Бұл – Қазақстан спортшылары арасында Жазғы Азия ойындарындағы рекордтық көрсеткіш.
Луценко үшін биылғы Азия ойындары тек нәтижелерімен ғана емес, сонымен қатар оның спорттық мансабындағы соңғы Азия ойындары болғанымен де ерекше.
Кәсіби мансабын аяқтауы туралы ол Қазақстанның Велоспорт федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында айтып берді:
«Әр медальдің өз тарихы бар және олардың барлығы мен үшін өте маңызды. Алайда соңғы Азия ойындары есімде ұзақ сақталады, өйткені бұл менің соңғы Азия ойындарым болды. Азия ойындарындағы өнерімді дәл жеңіспен аяқтағым келді», – деді Луценко.
Спортшы соңғы топтық жарысты ерекше эмоцияға толы болғанын атап өтті.
«Нақты айта аламын –бұл менің соңғы топтық жарысым. Ол эмоциялық тұрғыдан да, есте қалуы жағынан да ерекше болды», – деді ол.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапындағы спорттық жолында Луценко бірнеше маңызды сәтті ерекше атап өтеді. Солардың бірі – 2012 жылы Нидерландта өткен әлем чемпионаты. Ол осы жарыста 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы топтық жарыста әлем чемпионы атанды.
Спортшы өзінің ең есте қаларлық жарыстарының қатарында 2023 жылғы әлем чемпионатын және Жапонияда өткен 2026 жылғы Азия ойындарын да атап өтті.
«Бұл менің ұлттық құрама сапындағы соңғы жарысым болатынын түсіндім және жыл басынан бастап оған өте жауапкершілікпен дайындалдым», – деді Луценко.
Ұлттық құрама сапындағы өнерін аяқтағаннан кейін спортшы кәсіби спорттан бірден кетпейді. Алда оны Италиядағы NSN Cycling Team клубы сапындағы жарыстар күтіп тұр. Оның айтуынша, 2026 жылғы маусымдағы және кәсіби мансабындағы соңғы жарыс Қытайда өтетін «Гуанси туры» болады.
«Қазір отбасыммен мүмкіндігінше көбірек уақыт өткізгім келеді», – деп бөлісті спортшы.
Қазақстанның Велоспорт федерациясы Алексей Луценкоға қазақстандық велоспорттың дамуына және оның халықаралық аренада танымал болуына қосқан зор үлесі үшін алғыс білдіреді және өмірінің жаңа кезеңінде толағай табыстар тілейді!
ҚФВС АНЫҚТАМАСЫ:
Алексей Луценко – қазақстандық кәсіби шосселік велошабандоз. Ол 1992 жылғы 7 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының Большая Малышка ауылында дүниеге келген. Алғашқы жаттықтырушысы — Виктор Потапов.
Кәсіби мансабын 2011 жылы Astana Continental командасы сапында бастады. Екі жылдан кейін Astana Pro Team командасына ауысып, көптеген жылдар бойы Қазақстанның атынан ірі халықаралық жарыстарда өнер көрсетті.
Луценко мансабында қазақстандық команда сапында алты Гранд-турға қатысты. Оның қоржынында «Вуэльта-2017» және «Тур де Франс-2020» жарыстарының кезеңдеріндегі жеңістер бар. Сондай-ақ ол Pro Tour сериясындағы көптеген беделді веложарыстардың жеңімпазы және жүлдегері атанды.
2012 жылы Нидерландта өткен әлем чемпионатында 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы топтық жарыста әлем чемпионы атанды.
2026 жылдың соңына дейін оның NSN Cycling Team кәсіби командасымен келісімшарты бар.
Луценко Азия ойындарына 2014 жылдан бері қатысып келеді. Оның алғашқы алтыны Инчхонда өткен Азия ойындарында жекелей уақытқа жарыстағы жеңісімен келді.
2018 жылы Джакартада ол бірден екі алтын медаль жеңіп алды – жекелей уақытқа жарыста және топтық жарыста.
2023 жылы 2022 жылғы Азия ойындарында ол жекелей уақытқа жарыста тағы да чемпион атанды.
Ал 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында Луценко қоржынына тағы екі алтын медаль қосты – жекелей уақытқа жарыста және топтық жарыста.
Қазақстанның Велоспорт федерациясының ресми серіктестері: Samruk-Kazyna, SportQory.
Фото: Владислав Семёнов



