Жеңіл атлетика: әлем чемпионатына елімізден 12 спортшы барады
15-24 шілде аралығында АҚШ-тың Орегон штатындағы Юджин қаласында жеңіл атлетикадан XVIII әлем чемпионаты өтеді.
Штат университетінің 30 мың жанкүйерге арналған «Хейворд Филд» стадионында 192 елден келген 2 мыңға жуық таңдаулы атлет кім мықтыны анықтамақ, деп жазды drs_kz. Қазақстан құрамасы бұл бәсекеге 10 бағдарламада сынға түсетін 12 спортшы апарады.
Олар: Жанна Мамажанова (марафон), Ольга Сафронова (100 метрге жүгіру), Мария Ефремова (3 қарғып секіру), Надежда Дубовицкая, Кристина Овчиникова, (екеуі де – биіктікке секіру), Михаил Литвин (400 метрге жүгіру), Нора Тануи Джеруто (3 км-ге жүгіру), Георгий Шейко, Полина Репина, Галина Якушева (үшеуі де – спорттық жүріс), Дейзи Джепкемей, Кэролайн Чепкоеч Кипкируи (екеуі де – 5 км-ге жүгіру).
Жалпы Орегондағы бәсекеге ең көп спортшыны жарыс қожайыны АҚШ қосқалы отыр (177 спортшы). Одан кейін Германия (88), Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия (81), Жапония (68) тұр. Бұл әлем чемпионатының бір ерекшелігі, жеңіл атлетиканың 49 түрінен бөлек тағы командалық есепте жеңімпаз анықталады. Бұл үшін әр жекелей сындағы жүлделі орынға ұпай беріліп, соңында қорытындысы шығарылмақ.
Жеңіл атлеттердің басты бәсекесі Солтүстік Америка құрлығында осымен 2-рет өтеді. Алғаш рет 2001 жылы Канаданың Эдмонтон қаласы қабылдаған.
Айта кетейік, жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты 2 жылда бір өтеді. Негізі 18-ші дода былтыр тамызда өтуге тиіс еді. Алайда коронавирус пандемиясы бұл жоспарды кейінге шегерді.