Батуттық гимнастика

Батуттағы гимнастика: бес қазақстандық Әлем кубогы кезеңіне қатысады

Қазақстан құрамасы батуттағы гимнастикадан қарқынды оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Енді спортшылар Әзірбайжанның Баку қаласында өтетін Әлем кубогының кезеңінде өнер көрсетеді.

«Жиынға Данил Мұсабаев, Роман Барков, Ерлан Тасмағамбетов, Никита Тумаков, Виктория Бутолина қатысты. Бұл спортшылар кейін Әлем кубогы кезеңінде сынға түседі.

Халықаралық гимнастика федерациясының техникалық комитеті элементтердің қиындық деңгейіне қатысты ережелерді өзгертті. Атап айтқанда, артқа айналу элементтері үшін берілетін ұпайлар көбейтілді. Сонымен қатар үштік сальтоны көп орындайтын спортшыларға арнайы қосымша ұпай қосылады.

Мысалы, ерлер бағдарламасында бес және одан көп үштік сальто орындағандарға, әйелдер бағдарламасында үштен көп үштік сальто жасағандарға қосымша ұпай беріледі. Нәтижесінде, егер спортшы күрделі комбинация орындауды жоспарласа, бұл тәуекел өзін ақтайды», – деді бас бапкер Сергей Вертянкин федерацияның баспасөз қызметіне берген сұқбатында.

Бас бапкер биылғы маусымда Әлем кубогының барлық кезеңдерінде қазақстандық төрешілер жұмыс істейтінін ерекше атап өтті.

«Біздің федерациядан үш төреші арнайы семинарларға қатысып, өз санаттарын жоғарылатты. Сондықтан енді Әлем кубогының барлық кезеңдерінде жоғары білікті қазақстандық төрешілер болады.

Біз тоқтап қалған жоқпыз. Спортшылар өз бағдарламаларының деңгейін көтерді. Олимпиада қатысушысы Данил Мұсабаев үштік сальтолардың санын көбейтті. Бәрі ойдағыдай өтеді деп үміттенемін. Бакуде жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.

Біз жарыста бар күшімізді саламыз. Финалға шығуды жоспарлап отырмыз. Мұсабаев өзі дайындаған жаттығуларымен жүлдеге қол жеткізеді деп үміттенеміз», – деді Вертянкин.

Биыл барлығы алты Әлем кубогы кезеңі өтеді, бірақ маусымның басты жарысы – қарашада Испанияда өтетін әлем чемпионаты болмақ.

«Бірінші Әлем кубогы кезеңінде қандай элементтерге жақсы баға берілетінін түсініп, өзімізді тексереміз, түзетулер енгіземіз. Кейін маусымның негізгі жарысы – әлем чемпионатына дайындаламыз», – деп түйіндеді маман.

Маусымдағы басты жаңалық – аралас синхронды секіру дисциплинасының қосылуы. Яғни, жарыстарға ер мен әйелден тұратын жұптар қатысады.

Айта кетейік, Әлем кубогының кезеңі Бакуде 22-23 ақпан аралығында өтеді.

Back to top button