Хоккей

Хоккей: әлем чемпионатының алғашқы финалисі анықталды

28 мамырда Финляндия мен АҚШ құрамалары 2022 жылғы әлем чемпионатындағы бірінші жартылай финалдық матчты өткізді.

Кездесудің екінші минутында американдық Нейт Шмидт есеп ашты. Алайда 15 минуттан кейін фин қорғаушысы Миро Хейсканен есепті теңестірді. Екінші 20 минуттың басында финдер Сакари Манниненнің арқасында алға шықты — 2:1.

Бірақ көп ұзамай американдықтар таразы басын теңестірді: екінші кезеңнің жетінші минутында Шон Фаррелл мергендігімен көзге түсті. Үзілістің алдында Сами Ватанен тағы Финляндияны алға жетелесе, соңғы кезеңде Йоэл Армиа есепті еселеді – 4:2. Ойынның аяқталуына екі минут қалғанда американдық шабуылшы Адам Годетт есепті қысқартты. Матч аяқталғанға дейін есеп өзгерген жоқ, осылайша финдер өз айдынында финалда өнер көрсетеді. Американдықтар үшінші орынға таласпақ.

Айта кетейік, екінші жартылай финалда бүгін, 28 мамырда, Нұр-Сұлтан уақытымен 21:20-да Канада мен Чехия құрамалары кездеседі. Финал және үшінші орын үшін матч 29 мамырда Тамперада өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button