Хоккей

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында 4-орын алды

Швецияның оңтүстігіндегі Векшё қаласында допты хоккейден 42-әлем чемпионаты аяқталды.

Қазақстан ерлер құрамасы қола медаль үшін ойында Норвегиядан 1-5 есебімен жеңіліп, тағы да 4-сатыға тұрақтады. Матчтағы жалғыз жауап голының авторы – Самат Аманшин.

Ұлттық құрама бұл бәсекені А тобында бастап тек АҚШ құрамасын ғана ұтты. Есеп: 7-2. Швециядағы чемпионатта ең көп гол салған қазақстандық – Рауан Исалиев. Капитанның еншісінде 3 гол бар. Одан кейін 2 мәрте мергендік танытқан Қуаныш Теміралин мен Максим Утибалиев тұр.

Биыл ерлер мен әйелдер арасында бас жүлдені алаң иелері Швеция өз елінде алып қалды. Күміс жүлдегер – Финляндия (ерлер мен әйелдер).

Әлем чемпионатына аттанған Қазақстан құрамасы:

Қақпашылар – Бержан Ахметжанов пен Вячеслав Горчаков.

Ойыншылар – Рауан Исалиев (капитан), Еламан Әліпқалиев, Ершат Амангелдиев, Нұрбол Бөкешов, Ескендір Нұғманов, Петр Грибанов, Денис Максименко, Болат Мұхит, Дәурен Оралов, Антон Свешников, Никита Яров, Самат Аманшин, Қуаныш Теміралин, Сұлтан Қадыржанов, Евгений Медведев, Максим Утибалиев;

Бендиден еліміздің ерлер құрамасы осымен 22-рет әлем чемпионатына (алғаш рет 1995 жылы) қатысты. Осы аралықта 6 мәрте қола жүлдеге ие болған. Атап айтар болсақ, 2012-ден 2015 жылға дейін үздік үштіктен түспеді.

Тағы бір айта кетерлігі, бендиден дүниежүзі чемпионаты елімізде 2012 жылы Алматы қаласындағы «Медеу» мұз айдынында өткен.

Басқа жаңалықтар

Back to top button