Саламатты Қазақстан

Өңірде бұқаралық спорт жанданды

Өткен жылдың желтоқсан айында Алматы облысының өңірлерінде аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің базасында жаңа пилоттық бағдарлама бойынша «Бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, іске кіріскен болатын.

Жыл басынан бері бұл орталықтар аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің құрамында жұмыс жасауда. Оның басты мақсаты – Жетісу жұртында дене шынықтыру және спорттық іс-шараларды барынша жандандыру.
Жаркент өңірінде бұл орталықты Амандос Әукенов есімді белсенді әрі іскер азамат басқарады. Алғашқы күннен бастап орталық ауқымды іс-шаралар жоспарын жасап, әлеуметтік желіде жеке парақшасын ашып, атқарылған жұмыстарын күнделікті қалың көпшілікке жеткізіп отыр.
– Алдымен біз ауылдардағы спорттық нысандардың санын алып, жұмысымен танысып, олардағы проблемалар мен мүмкіндіктерге сараптама жасадық, – дейді Амандос Ысқақбекұлы. – Жергілікті спорт жанашырлары мен мамандарды жинап, маңызды мәселелер бойынша кеңес өткізіп, бұқаралық спорттың бел алуына кедергі келтіретін жайларды анықтадық, сонымен қатар оларды бірлесіп еңсерудің жолдарын іздедік.
Бекітілген іс-шаралар жоспарымен әр аптада бір ауылда спорттық жарыстар ұйымдастыруды қолға алдық. Бүгінгі күнге дейін өңірде 68 жарыс өткізіліп, 27 аудандық және 5 облыстық ұлттық спорт ойындары бойынша турнирлер өткізілді. Сонымен қатар кешқұрым ауылдық мектептердің спорт залдарында жергілікті халықтың спорт түрлерімен шұғылдануына ықпал жасадық. Бұдан басқа ауылдық округтерде спорт түрлерін ұйымдастырушылар алқасының төрағалары сайланып, олар біздің нұсқаушылармен бірге бұқаралық спорттық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Ай сайын аудан деңгейінде кем дегенде үш спорттық жарыс өткізіліп жүр.
Орталық директорының айтуынша, жыл басынан бері Айдарлы, Шолақай, Көктал, Үлкеншыған ауылдық округтерінде ауыл тұрғындары мен еңбек, спорт ардагерлерінің, оқушы жастардың, қыз-келіншектер командаларының қатысуымен волейболдан, футболдан ауылдық, аудандық жарыстар ұйымдастырылған. Екі мәрте Еңбек Ері Н.Н.Головацкийдің туғанына 110 жыл толу құрметіне Жаскент ауылдық округінде ардагерлер арасында шахматтан турнир, Қоңырөлең ауылында салым-көкпар, Басқұншаң ауылында командалық көкпар додасы ұйымдастырылды. Үшарал ауылындағы ат спорты мен оқушылар арасындағы дойбы жарысы да көпшіліктің көңілінен шықты.
Бірлік ауылдық округінде дзюдодан өткізілген аудандық ашық біріншілікке әр деңгейде жеңіс туын желбіретіп жүрген мықты палуандар жиналды. Осында жасөспірімдер арасында шағын футболдан, «Жас ұлан» әскери-спортық эстафетасы және бәйге жарыстары ұйымдастырлды. Айтылған бағыттағы іс-шаралар Пенжім ауылдық округінде де жанданды. Мұнда да көкпардан, волейболдан, шағын футболдан, баскетболдан ауыл жастары арасында жарыстар өтіп, аудандық баскетбол лигасына ойыншылар іріктелді. Жаркент қаласында бокстан облыстық турнир, «Әкім жүлдесі» үшін оқушылар арасында жеңіл атлетикадан жарыс, «Алғыс айту» күніне орай тоғызқұмалақтан сайыс өтті.
Шолақай ауылында ұлттық ойындарды насихаттайтын жарыстар жанданып, бұл шара «Кел, немерем, асық ойнайық, ләңгі тебейік» деген тақырыпта Қоңырөлең, Үлкеншыған, Айдарлы, Көктал, Пенжім, Жаскент және Талды ауылдық округтерінде жалғасты.
«Жаркент бөрісі» деген тақырыпта ұйымдастырылған қазақша күрестен өткен турнирге Алматы облысының басқа өңірлерінен де палуандар көп келді. Өңірде өмір сүрген даңқты спорт ардагерлерін еске алуға арналған жарыстар да жиі өтіп жүр.
– Жаңа тәуелсіз Қазақстанның жастарының, өңір тұрғындарының спортқа деген құштарлығын арттыру мақсатында бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз, – дейді Орталық директоры Амандос Әукенов. – Біздің команда бұдан әрі де Панфилов ауданында бұқаралық спорттың жандануына көмегін тигізетін ұтымды жобалар жасауға әрдайым әзір.

Мырзағали НҰРСЕЙІТОВ

Жетісу облысы,
Панфилов ауданы

Басқа жаңалықтар

Back to top button